Елідің ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса, азаматтық намысың болса, қазақтың ұлттық жалғыз мемлекетінің нығайып — көркеюі жолында жан теріңді сығып жүріп еңбек ет. Жердің де, елдің де иесі өзің екеніңді ұмытпа!
( Н.Назарбаев)
Жоспар:
I Кіріспе
Тектілік пен ұлылық тән қазаққа.
II Негізгі бөлім
1 Тарих беттерін парақтасақ…
2 Болашаққа жол бастаған көшбасшы.
3 Ел тағдыры – жас өрендер қолында.
III Қорытынды
Менің бар бақытым – қасиетті Отаным.
Әлемде бір ұлы бәйтерек бар. Оның діңгегі мығым әрі жуан, ал тамыры көненің көзіндей тектілік нәрін сіңірген. Балауса жапырағы ешқашан үзілместей қайсар. Діңгек пен жапырақты жалғастырушы сабақтары өткен мен бүгіннің арасындағы қыл көпір іспетті. Бұл бәйтерек сондай – ақ өзінің алыптығымен, Алтай мен Атырауға дейінгі ұлан-ғайыр атырапта құлаш жайғандығымен өзгелерден биік, өзгелерден ұлы. Менің түсінігімде, бәйтеректің алыптығы менің Қазақстанымның байтақтығын, ұлылығын көз алдыма елестетеді. Сәні мен салтанаты жарасқан, бағы мен берекесі тасыған, өнері мен салт-дәстүрі ұштасқан, саясаты мен халық үні табысқан алпауыт ел – қазақ елі. Дүниежүзі қызығып, көз сала тамсанатын, жаһандық дамудың қанбазарында жүрген қазақ елі- бүгінде көпке үлгі, көпке мақтаныш.
Осы кезге дейін не жоғалттық, не таптық деген сауалды мен өзіме жиі қоямын. Ел болып, етек жиып, еңсемізді тіктеген мезетте жоғалтқанымыздан тапқанымыз мол деп есептеймін. 1991-де алған азаттық еліміздің ғасырлар бойы аңсап күткен ақ арманының орындалғаны болса, ел басшы сайлап қазақ елінің оған бағынуы халықтың қанында бар бірлік ұғымының нақ дәлеліндей болды. Абройымыз артып, әлемдік деңгейде »Қазақстан» атауы шарықтады. Білімді де білікті жастар ел болашағы үшін аянбай еңбек ете білді. Осыншалықты мол табыс мол қиындықпен жеткені баршаға аян. Азаттық жолында жалыны жігер шарпыған, өжеттілік үлгісіндей қайсар жас қарлығаштарды жоғалттық. Олардың көбі 1986 нәубетінде қыршын кетті. Бүгінге қалғаны – жанын беріп сый еткен тәуелсіздік пен бойларына сіңген рухты, жігерлі ерлік істері.
Өсер елдің қай сәтте де бірлік болмақ қалауы
Лаула, лаула желтоқсанның мұзға жаққан алауы
Өздеріңдей өр намысты жас өркені бар елдің
Ешқашанда еңкеюге тиісті емес жалауы!
Бұл жыр шумақтары сан ғасырлар бойы егенмендік жолында жүргізілген күрестердің соңғы нүктесі, ал азаттық бастамасы ретінде құнды. Тоқсан сөздің тобықтай түйіні, Мұстафа Ататүрік айтқандай:“Шынжырларды балқатып, тәж бен тақты қүйрететін күшті нұр — ұлттық егемендігімізге қолымыз жетті”.
Тәуелсіздік алған сәттен бастап елмен бірге жасасып, елмен бірге өркендеп, ұлылар ұрпағын баба жолынан тайдырмай, қазақтың ең көрнекті ханына айналған Абылай ізін жалғай білген ел басымыз — шын құрметке лайықты жан. Барша қазақтың басын қосып, көршілермен бейбіт, тату болған, баршаға құшағы ашық кеңпейіл басшы, егемен елдің жол ашары — Н.Назарбаев. Ол өзі билік еткен 25жыл ішінде қазақ елін үлкен жетістіктерге жеткізе білді. Саясатты айтпағанның өзінде елдің мәдени саласы қарыштап дамыды. Әсіресе, спорт саласы саңлақтары мен өнер адамдары ел мерейін арттырды. Білім беру жүйесі де оң нәтиже беруде. Болашақ бағдарламасы арқылы қазақ жастары шет елде оқуға мүмкіндік алды. Осындай даму қарқыны жүйелі бақыт алды. Жақында өткелі отырған “Expo-2017” көрмесі ел мерейін одан әрі асырады деп ойлаймын.
Болашақ жастардың қолында. Ендеше, ел жастары ұлт келешегі үшін аянбай тер төгу керек. Өткен мен бүгінгі күнді қатар алып қарасақ, бүгінгі күн жастары азаттық алу жолында еңбек етуге тиісті. Кез келген елдің болашағы өскелең ұрпағымен байланысты. Бабаларымыз сый еткен бостандықты бағалай білу- болашақ ұрпақ біздердің мойнымыздағы қасиетті парыз, атқаруға тиісті міндетіміз. Біз – егемен ел жастары аталмыш міндетті орындауды ең алдымен сапалы білім алудан бастадық. Мен – бүгінде
11-сынып оқушысымын. Мақсат пен міндеттер айқын. Өзім құрастырған болашақ мұнарасының алғашқы сатыларын артта қалдырдым. Алға ұлы мақсаттар қойдым. Елімнің келешегі үшін қызмет етпекшімін. Мен сияқты болашақ жастары да осындай ойда жүргені еш күмәнсіз. Қазақ болып туылған соң еліме тамшыдай болсын пайдам тисе арманым жоқ.
«Отан» сөзі ақын жанды жүректі тебірентіп жібереді. Оның қаншалықты ыстық, қаншалықты қымбат екендігін сөзбен айтып жеткізу, сірә, мүмкін емес. Себебі, осы дүние есігін ашқан сәтте кіндігің кесілген, табаның тиген, ауасын жұтқан, азаматтығын алған ұлы мекен, ол – Отаның. Осынау сөзді естігенде мені бір сәтке қуаныш сезімі мен мақтаныш сеімі жетелеп, Гималай тауының шыңына шығарады. Расында, мен Қазақстанда дүниеге келгеніме,қазақ болып жаралғаныма мақтанамын. Өнеге, үлгі, тәлім-тәрбие қойнауы, өнер білім қазығы, қонақжайлылық үлгісіне айналған халық – қазақ халқы. Ал мен сол ұлы көш, ұлылар көшіне енетінімді білсем, ерекше күй кешем. Отанға деген сүйіспеншілік, балалық махаббат сезімдері менің ақындық өмірімнің алғашқы баспалдағы болды.
Ұлы Отаным бір өзің қымбат маған,
Кім бар сен деп ән шырқап, үн қатпаған.
Сен дегенде тебіреніп, мың толғанам
Мұның мәні неде екен?
Жұмбақ маған.
Сен – қымбатсың, мен үшін бағалысың,
Отан сөзі жүректе қалады шын.
Сені мәңгі сақтаймын жанарымда,
Сен де мендей сақтағын бала мүсін.
Бақытжанова Айзада
11-сынып
Батыс Қазақстан облысы
Қаратөбе ауданы
“Қаратөбе мектеп – гимназиясы”КММ