Тұғырлы тәуелсіздікке – 25 жыл
Әр адамға кір жуып, кіндік кескен жері ыстық әрі қымбат. Менің туған жерім – Қазақстан. Сан ғасырлық тарихы бар ұлан-ғайыр кең дала – қазақ даласы, менің далам. Осынау байтақ даламызды көзінің қарашығындай сақтап, келер ұрпаққа аманаттау үшін ата-бабаларымыз талай тарихи кезеңдерді басынан кешірді. Келешек ұрпақтың бақытты ғұмыр кешуі үшін халқымыз жоңғарлардың тегеурінді тепкісіне, ойраттардың ойранына, орыстардың үш ғасырдай отаршылдығына төтеп берді. Жүрегі «елім», «жерім» деп соққан батыр бабаларымыздың ерен ерліктері ел жүрегінде сақтаулы. Сонау XV ғасырдың ортасында Керей мен Жәнібек хандар Шу бойына Қазақ хандығының туын көтеріп, елді түрлі қауіп-қатерден қорғап, ілгері дамуына жағдай жасаса, тарихта «белгілі сұлтан әрі атақты баһадүр» деген атпен мәлім Қасым ханның есімі Қазақ хандығының күшеюімен тікелей байланысты. Қасым ханнан кейінгі «Есім ханның ескі жолы» атты заңдар жинағымен белгілі Есім хан, 600 әскерімен жоңғарларға тойтарыс берген Жәңгір хан, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман орнатқан әз-Тәуке хан, дипломатияны шебер пайдалана білген Абылай хан, орыс әскерлерін тітіреткен Кенесары хандардың есімдері қазақ тарихында алтын әріптермен сақталды.
Кешегі шерлі желтоқсанға дейінгі сан алуан шежіресі бар қазақ халқы азаттық үшін күресіп, тәуелсіздік үшін тіресті. Осы жолда мыңдаған боздақтар қаза тапты, аштан қырылды, шет елдерге тентіреп, зиялы қауымын жоғалтты, тілі мен ұлттық мәдениетінен айырылуға айналды. Осындай Кеңес үкіметі орнаған қиын-қыстау заманда қазақ зиялылары – Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы, Мағжан Жұмабаевтар алаш туы астында ел болуға, мемлекет құруға шақырды. Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Өлер жерден кеттік біз, бұл заманға жеттік біз», «Қалай ел боламыз?» деп ойы сай-салаға кеткенде, Міржақып Дулатовтар «Автономия, бізге керегі – автономия!» деп жар салды. Бірақ қазақтың еркіндігінен қорыққан патша үкіметі алаш туы астына біріккендердің бәрін құртып отырды. Осы азаматтардың аңсаған арманына кейінгі ұрпақ қол жеткізді.
1991 жылы тәуелсіздігімізді алған шақта қазақты қиын кезеңнен алып шыққан елбасымыздай көшбасшының болуы қазақ халқының бағы еді. Біздің жас мемлекетіміз үшін бұл жылдар елімізді нығайтуға бағытталған үлкен істерге толы болды. Осы уақыт аралығында Қазақстанның тәуелсіздігін дүниежүзі елдері мойындады. Еліміз әлемдік қауымдастыққа, соның ішінде
Біріккен Ұлттар Ұйымына мүшелікке қабылданды. Әр азамат жігерленетін Әнұранымыз, мақтаныш сезімін ұялататын Елтаңбамыз, ерлікке жетелейтін Туымыз, экономикалық дербестігімізді танытатын төл теңгеміз бар. Бүгінде Тәуелсіз Қазақстан – беделі зор, бейбіт өмір сүріп жатқан ел. Он жеті миллион халқы бар еліміз тарихын тіктеп, келешекке нық қадаммен келе жатыр. Тәуелсіздігіміздің ендігі болашағы – жастардың қолында!
«Еліңнің ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса, азаматтық намысың болса, қазақтың нығайып көркеюі жолында жан теріңді сығып жүріп еңбек ет. Жердің де, елдің де иесі өзің екеніңді ұмытпа!» деп Нұрсұлтан Әбішұлы айтқандай, біздің әрбіріміз «Мен мәңгі өлмейтін халықтың ұрпағымын» деп мақтанышпен айта алатындай оқуға, ізденуге, еңбектенуге тиіспіз. Тәуелсіздіктің мәңгілік болуын әрбір саналы адам армандайды. Сондықтан біз жастар тәуелсіздігіміздің баянды әрі мәңгі болуына зор үлес қосуымыз қажет. Ең алдымен, біздің міндетіміз – білім алу. Білімімізді шыңдап шетелде оқысақ та, үйренгенімізді өз елімізде іске асыруымыз керек. Себебі, нағыз білімді ұрпақ – ел болашағы болмақ. Ал егемен еліміздің атын шығару – біздің азаматтық борышымыз. Отанымыздың ашылмаған сырларын, жазылмаған жырларын жазу үшін қолымыздағы бар мүмкіндікті пайдалануымыз керек. Тәуелсіз еліміздің өркендеуі білім деңгейіміздің жоғары болуымен байланысты. «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі ілім біл» демекші, үш тілді жетік меңгеріп, туған жер алдындағы парызымызды білім арқылы қайтарамыз.
Тәуелсіздіктің туын желбіретіп, жықпай ұстау – біздің қолымызда. Тәуелсіздігіміздің қадіріне жетіп, оны көзіміздің қарашығындай қорғау – баршамыздың борышымыз!
Нұрбек Жадыра
Сыныбы: 11
Мектебі: «№78 мектеп-гимназия» КММ