23 Ноябрь 2016
Пікір 0
23 ноября 2016, Пікір 0

Мәңгілік елім — ата-бабам аманаты.

“Алтын анам, Отаным! Сенен аяр жаным жоқ,сенен іркер күшім жоқ’’деген Абайды әлемге танытқан М.Әуезов.Шынымен, туған елдің топырағы,суы мен ауасы, тіпті түтіні де қымбат .

Туған жеріміз сонау ата-бабамыздан сақталып келе жатқан қасиетті мұрамыз.Ата-бабамыз туған бесігімізді мәңгілік ел қылып сақтап қалу үшін бар күшін аямаған.Олар оны ақ білектің күшімен,көк найзаның ұшымен қорғап, ұрпағына,яғни бізге аманат етіп қалдырған.Ата-бабамыздың үмітін ақтау,көздің қарашығындай аманатты әрі қарай сақтап қалу, жалғастыру — біздің ең басты парызымыз.

»Отан — отбасынан басталады’’ демекші Отанды сүю от қасы — ошақ басынан басталады.Белгілі жазушы М.Шаханов та өзінің қанатты сөзінде: ‘Өз туған жеріңе деген сүйіспеншілігіңді,ең алдымен отбасыңа арнамай тұрып,барша әлемді сүю мүмкін емес’’деген екен.Ендеше,елдің нағыз патриоты болу, ұлтжанды азамат атану — ұшқан ұяң ,сүйікті мектебіңнің тәлімі екеніне күннен-күнге көзімді жеткізіп келемін.

Біз қазір ХХІ ғасыр тәуелсіз,егемен елде өмір сүріп келеміз. Бабаларымыздың жылдар бойы армандаған тәуелсіздігіміздің мерейлі күндеріне үстіміздегі жылы 25 жыл толғалы отыр! «Ылайым,ұзағынан болсын» деп балалық жүрегімнен,шын жүректен тілеймін !

Сан ғасырлар бойы біздің халықтың басынан өткерген қиямет — қасіреті көп.Бір шүкіршілік етер жай:қазақ халқы құрып кетуден аман қалды,шыққан тегін сақтады,тәуелсіздігін алды,түркі халықтарының қатарына қосылды,әлемдік қауымға,терезесі тең халықтар қауымына мүше болды.

Шыңғысхан заманында айтады екен: »Құлаш бойым құласа да,тіккен туым құламасын’’ деп, міне, ендігі тілек — осы!Қазақта »бақыт’’ деген ұғым бар.Шын мәнінде,бақытты болудың негізгі факторы: ол — сенің тәуелсіз Отаның,Ұлы тұғырың.Ол — сенің тіккен ордаң ,ол — сені өсірген,ұшырған ортаң.

Бақыттың кіндігі — Отан. «Отан» деп лүпіл соққан жүрек болса, ‘ «Отан» деп ағындаған тілек болса, »Отан’’ деп сыбанған білек болса, »Отан’’деп ел үшін егілген,халық үшін қайысқан лек болса,арман орындалды дей бер.

Елбасы «Еліңнің ұлы болсаң,еліңе жаның ашыса,азаматтық намысың болса,қазақтың ұлттық жалғыз мемлекетінің нығайып – көркеюі жолында жан теріңді сығып жүріп еңбек ет.Жердің де,елдің де иесі өзің екеніңді ұмытпа! » дейді.Біз — жаңа ғасыр,жаңа мыңжылдықтың жас ұрпағы,егеменді еліміздің ертеңіміз,еліміздің экономикасын,мәдениетін,білімін көтеретін азаматпыз.

Павлодар облысы
Ақсу қаласының
дарынды балаларға арналған
мамандандырылған гимназиясының
8ә — сынып оқушысы Жомарт Ақтоты

Отправить ответ

wpDiscuz