Марат Аяулым — Тәуелсіз елім тірегім

Марат Аяулым — Тәуелсіз елім тірегім

Әр адамға өзінің кіндік қаны тамған туған жерінен асқан байлық жоқ.

Менің туған жерім – Қазақстан Республикасы. Бұл – тарихы тереңде жатқан, мәдениеті мен салт-дәстүрі ерекше және табиғаты көркем мемлекет. Шығысы Алтай таулары мен батысы Каспий теңізіне дейінгі аралықта созылып жатқан ұлан-байтақ жеріміз – біздің киелі атамекеніміз. Туған жеріміз биік тауларымен, сарқырап аққан өзендерімен, мөп-мөлдір көлдерімен және тылсым табиғатымен көз тартады. Туған жер, туған ел, атамекен – ең жоғарғы құндылықтарымыз. Қазақ жері біздің ата-бабаларымыздың кейінгі ұрпақтарға, яғни бізге қалдырып кеткен баға жетпес байлығы.

Біздің еліміз 1991 жылдың 16-желтоқсанында өз тәуелсіздігін алды. Бірнеше ғасырлар бойына ата-бабаларымыз армандаған еркіндікке қол жеткізді. Алайда, тәуелсіздік бізге оңай жолмен келген жоқ. Қазақ халқы егеменді ел болу үшін талай қиын кезеңдерді басынан өткізді. Тұғыры биік тәуелсіздіктің ұлы жолында ата-бабаларымыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен жаумен шайқасты. Батысы мен шығысы, оңтүстігі мен солтүстігі түрлі мемлекеттермен шектесіп жатқан ұлан-ғайыр даланы жауға бермеу үшін қайтпас қайсар батырларымыз Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай және Шапырышты Наурызбай жоңғарлармен шайқасты. Ғасырлар бойы қазақ хандары мен батырлары кең-байтақ жерімізді жаулардан қорғаған. Қазақ халқының бірлігі мен ынтымағы үшін Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билер тер төкті. Кең байтақ жерімізді, “қазақ” деген халқымызды сақтап қалу үшін қаншама батырларымыз қаза тапты. Тәуелсіздік жолындағы күрестердің бірі де бірегейі 1986 жылғы Алматыдағы желтоқсан көтерілісі. Қайрат, Ләззат сияқты батыр аға-апаларымыздың өшпес ерлігінің арқасында бостандықта өмір сүру бақытына ие болдық. Қаншама жылдар бойына асыға күткен ата-бабаларымыздың асқақ арманы орындалды. Осы жылы біздің тәуелсіздігімізге 26 жыл. Осы уақыт ішінде Қазақстан өзін бүкіл әлемге танытып үлгерді. Еліміз көркейіп, халықтың жағдайы жақсарды. Тәуелсіздігімізді алғаннан бері барлық қиыншылықты артқа тастап, тек алға қадам басып келе жатырмыз. Қазіргі таңда, Қазақстанда 130-дан астам ұлт өкілдері өмір сүреді. Олардың бәрі ашық аспан астында тату-тәтті ғұмыр кешуде. Қазақстан — біздің ортақ үйіміз, ыстық ұямыз.

Кез келген егемен елге сай, біздің де ұлттық рәміздеріміз бар. Олар ту, елтаңба және әнұран. Біздің туымызда көгілдір аспандағы шуақ

шашқан күн, қалықтаған қыран құс және жиегінде ою-өрнек бейнеленген. Ол бейбітшілікті, еркіндікті және алғырлықты сипаттайды. Елтаңбамызда алтын түсті шаңырақ, уық, қанатты қос тұлпар және жоғарғы жағында жұлдыз, төменгі жағында “Қазақстан” деген жазу бар. Бұл бейнелер достықты, төзімділікті, мықтылықты және татулықты білдіреді. Ал, әнұранымыздың сөздері өте мәнді де мағыналы. Мен әнұранымызды тыңдаған сайын бойымда патриоттық сезім қалыптасады. Біз мемлекеттік рәміздерімізді құрметтеп, олар туралы мақтанышпен айтуымыз керек.

Ашық аспан астында тату-тәтті, бақытты және бейбіт өмір сүріп жатқанымыз – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың арқасы. Ол -көшбасшы, отансүйгіш, еңбекқор, дана адам. Ол еліміздің дамуы үшін аянбай еңбек етіп жатыр. Елбасымыздың бастауымен еліміз талай қиындықтан сүрінбей өтті. Бүгінгі таңда, ата заңымыз, ұлттық ақшамыз, өзіміздің ана тіліміз, дініміз, ұлттық мейрамдарымыз және ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келе жатқан әдет-ғұрыптарымыз бен салт-дәстүріміз бар. Мұның бәрі тек тәуелсіз елге тән нәрсе.

Тіл – мемлекеттің тұғырлы тірегі, халықтың рухани байлығы. Осыған сай, елбасымыз тәуелсіздікпен бірге қазақ тілін мемлекеттік тіл деп жариялады. Тілі бір халықтың — тірлігі бүтін. Ана тіліміз қазақ тілі өте бай тіл. Сондықтан, әр адам туған елінің тілін, мәдениетін және дәстүрлерін білуге міндетті. Өз халқының салт-дәстүрін біліп қана қоймай, өзге халықтардың әдет-ғұрыптарына құрметпен қарау керек. Барша қазақстандықтар өзара ынтымақтастықта өмір сүрсе – тәуелсіздігіміз ғұмырлы болмақ.

Еліміздің астанасы – Астана қаласы. Ол күн санап, құлпырып халқымызбен бірге жайнап өсіп келе жатыр. Аспанмен таласқан, сәулеті көз тартарлық ғимараттар бой көтеруде. Бәйтерек – Астананың символы. Астана – еліміздің жүрегі болса, президентіміз – еліміздің тірегі.

Тәуелсіздік күні бүкіл Қазақстан халқы үшін – ұлы күн. Тәуелсіздік тек өткен тарихпен байланыспайды. Ол осы тыныш өмірдің, жарқын болашақтың кепілі. Тәуелсіз елдің көк аспанда туының желбірегені – тұғырының беріктігі. Біз тәуелсіздігімізді сақтап, құрметтеп, онымен мақтануымыз керек. Ата-бабаларымыздың ерен еңбегін бағалап, батырларымызды ұмытпауға тиіспіз. Егемен елдің ұрпақтары білімді, еңбекқор, ізденімпаз және отансүйгіш болуы керек. Мен бейбіт елдің бақытты ұрпағымын. Туған жерімді, туған елімді мақтан тұтамын. Болашақта туған халқым үшін, Отаным үшін аянбай еңбек етемін.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *